Б. Нұрымбетов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымына ҚР Президентінің Жолдауын түсіндірді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на барып, онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.

«Арселор Миттал» АҚ басшылығымен және қызметкерлерімен кездесу барысында Біржан Нұрымбетов Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Үкіметіне жұмыс берушілерді жалақы қорын ұлғайтуды ынталандыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырғанын еске салды, өйткені ірі тау-кен компанияларының табыстары өсіп келеді, бірақ бұл жағдай азаматтардың жалақысына айтарлықтай әсер етпеуде.

Сондай-ақ министр еңбек заңнамасын сақтау мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға баса назар аударды.

«Еңбек заңнамасын сақтау кез-келген кәсіпорынның тұрақтылығы мен табыстылығының кепілі болып табылады. Өкінішке орай, республика бойынша жалақы және міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектер бар, өндірісте 749 адам зардап шекті, оның ішінде 82 адам қайтыс болды. Жұмыс берушілер жалақыны уақытылы төлеуін және өндірістегі қауіпсіздік техникасының нақты сақталуын қамтамасыз етуі қажет», – деді Біржан Нұрымбетов.

ҚР Еңбекминнің басшысы жұмыс берушілер жұмыс орындарын сақтап қалуға және ұжымдық еңбек дауларының алдын алуға бар күш-жігерін салуы керектігін баса айтты.

«Өкінішке орай, республика бойынша 2,4 мың қызметкер қысқарды. Жұмыс орындары мен қызметкерлердің табыстарын сақтау азаматтардың әл-ауқатының кепілі болып табылады. Сондықтан біздің министрлік бұл мәселелерді еңбек дауларын болдырмау үшін тұрақты бақылауда ұстайды. Жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеудің басты құралы – ұжымдық шарттар болып табылады. Бүгінгі күні ұжымдық шарттар еліміздің ірі және орта кәсіпорындарының жалпы санының 96,6%-ында жасалды, онда қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік пакет қарастырылған. Бұл тәжірибені шағын кәсіпорындарда да енгізу қажет», – деп атап өтті министр.

Біржан Нұрымбетов 2016 жылы жаңа Еңбек кодексінің қабылдануымен мемлекет жұмыс берушілердің олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ете отырып, ең төменгі еңбек стандарттарын, негізгі кепілдемелер мен қызметкерлерге өтемақы белгілегенін еске салды. Сонымен қатар, жұмысшылардың мүдделерін қорғауға өкілеттік берілген кәсіподақтардың рөлі де едәуір артты.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ – Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы ең ірі кәсіпорын, сондай-ақ, өзінің көмірі, темір кені және энергетикалық базасы бар интеграцияланған тау-металлургия кешені екендігін еске саламыз.

Акционерлік қоғамда 4 кәсіподақ жұмыс істейді: «Жақтау» металлургиялық кәсіподағы, «Қорғау» көмір өндірушілер одағы, «Бірлік» кәсіподағы және Қарағанды ​​облысының тау-кен металлургия өнеркәсібі жұмысшыларының жергілікті кәсіподақ ұйымы.

Қазақ